Accessibility links

ҚАЖД: Жыланбаевқа қысым туралы ақпарат шындыққа жанаспайды


Марат Жыланбаев отырған қамау мекемесі. Ақмола облысы, 19 маусым, 2024 жыл.
Марат Жыланбаев отырған қамау мекемесі. Ақмола облысы, 19 маусым, 2024 жыл.

Ақмола облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) Степногорск қаласындағы №4 түрмеде жазасын өтеп жатқан марафоншы Марат Жыланбаевтың шағымына байланысты Азаттыққа берген жауабында белсендіге қысым туралы ақпаратты жоққа шығарды.

ҚАЖД Жыланбаевпен қадағалау органдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бірнеше рет жолыққанын айтты. Мекеме марафоншы жазасын өтеп жатқан жер барлық нормаға сәйкес келеді, онда бейнебақылау камералары күні-түні жұмыс істеп тұр деді 5 шілдеде жіберген жауабында.

Жыланбаев бұған дейін адвокаты арқылы түрмедегі қоқан-лоқыға шағымданған. Белсенді "түрме қызметкерлері басқа сотталушыларды өзіне қарсы қойғанын" мәлімдеген. ҚАЖД белсенді шағым айтқан мекеме қызметкерлері туралы ақпарат бермеді.

Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев 26 маусымда Степногорскідегі түрмеге барып, белсендімен кездескен. Оның сөзінше, басқа сотталушылар қоқаң-лоқы жасаған соң белсендіні 20 маусымда тәртіптік изоляторға ауыстырған. Жыланбаев бұған қарсы болып, 21 маусымда аштық жариялаған.

Бұған дейін түрме басшылығы Жыланбаевтың тек су ішіп жатқанын, дәрігерлердің бақылауында екенін айтқан.

19 маусымда Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Абылай Мұханжаров Жыланбаевпен жолыққан. Омбудсмен өкілі Жыланбаевтың түрме қызметкерлерінен қысым көргені туралы мәлімдемесін жоққа шығарған еді.

2023 жылы қарашада сот тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев бұл айыптың бәрін жоққа шығарған, ол істің "саяси астары бар" деп санайды.

Қазақстан билігі Жыланбаевтың шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, ҚДТ қозғалысының лидері Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деп санайды. Астана Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

Жыланбаев үкімге наразылық ретінде бұған дейін де түрмеде бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

5 маусымда Қазақстан Жоғарғы соты Жыланбаевтың өзін ақтап, босатуды сұраған кассациялық арызын қараудан бас тартып, сот алқасы "оған негіз жоқ" деп тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG